|
Тараз қаласында ерлердің Ұлттық лига командалары арасында ХХХІІ Қазақстан чемпионаты екінші турының ойындары кейінге қалдырылды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы Kazinform-ға сілтеме жасап.
Қазақстан волейбол федерациясынан мәлім еткеніндей, өңірдегі күннің суықтығы екінші тур кестесіне әсер етті.
«Тараз Арена» спорт кешеніндегі жылу деңгейі жарысты өткізу талаптарына сәйкес келмегендіктен, сәрсенбі күні ойындарды жұмаға ауыстыру туралы шешім қабылданды. Тіпті турды келесі жылға жылжыту мәселесі де талқыланды.
Аталмыш спорт кешені дайын болмағандықтан, матчтар жұма күні де өтпей, сенбіге қалдырылды.
Бұл турда 12 желтоқсан күнгі кездесулер ғана ойналды. Онда «Есіл» (СҚО) «Ұшқын-Көкшетауды» 3:0 есебімен ұтса, «Буревестник-Алматы» «Ақтөбені» тізе бүктірді (3:2).
«Павлодар» «Атыраудан» (3:0) басым түссе, «Тараз» «Жетісу Жастарын» (3:0) жеңді.
Турнир кестесінде «Тараз» 20 ұпаймен көш бастаса, «Павлодар» әзірге (17) екінші, «Жайық» (15) үшінші орында тұр.
«Алғашқы күні ойынға қатысқанымыз жоқ. Одан кейін екі бәсекеміз кейінге қалдырылды. Сенбі күні басталады деп отырмыз», деді «Жайық» волейбол клубының директоры Азамат Нұрмұханбетов.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын "Жайық" волейбол клубы жүлделі орындарға таласа ала ма, соны жазған болатынбыз.