Елордада азаматтарды пәтерге тіркеу шектеледі

Қазақстанның мегаполистеріндегі көші-қон процестерін реттейтін нормалар енгізіледі.

Құжатта Қазақстанның мегаполистеріндегі көші-қон процестерін реттейтін нормалар енгізіледі

Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин атап өткендей, заң жобасы жер қатынастары, сәулет және құрылыс, көші-қон, жарнама және экология салаларындағы проблемаларды шешуге бағытталған.

Осылайша, құжат бірыңғай сәулеттік келбетті қалыптастыруды көздейді, ал қазіргі уақытта қалалардың сәулеттік келбеті тек сыртқы (көрнекі) жарнаманы ғана емес, сонымен қатар маңдайшалар мен белгілерді орналастыру есебінен де айтарлықтай нашарлайды.

"Жолдар мен көшелерде сыртқы (көрнекі) жарнаманы орналастыру қалалардың эстетикалық және сәулеттік келбетіне теріс әсер етеді. Сондай-ақ, қаланың сыртқы қабылдауының нашарлауына қоғамдық орындарда аудио жарнаманың интрузивті таралуы ықпал етеді, бұл азаматтар арасында наразылық тудырады. Бүгінгі күні бұл әрекеттер бұзушылықтарға жатпайды және заңнамада әкімшілік ден қоюдың қандай да бір шаралары жоқ. Мәселен, қалалардың сыртқы келбеті мәселелерін шешу мақсатында Республикалық маңызы бар қала, астана мәслихатының құзыретін дизайн-кодты бекіту жөніндегі нормамен, ал әкімдіктің құзыретін стационарлық емес объектілерді орнату және олардың жұмыс істеуі қағидаларын әзірлеу және бекіту жөніндегі нормамен кеңейту ұсынылады", – деп атап өтті министр.

Заң жобасында сондай-ақ елордада Бірыңғай дизайн-кодты енгізу және оның жалпы ережелерін айқындау, сондай-ақ ашық кеңістікте аудио жарнаманы таратуға тыйым салу, тротуарларда, веложолдарда, автожолдар мен көшелерде сыртқы (көрнекі) жарнаманы орналастыруға тыйым салу көзделеді.

Сондай-ақ, осы нормаларды ҚР "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" кодексінің шеңберінде құқық бұзушылықтар құрамына енгізу мәселесі пысықталуда.

Заң жобасының екінші бағыты жерді қала мұқтажы үшін пайдалануды көздейді.

Құжат сонымен қатар көші-қон процестерін реттейді.

"Әлемнің ірі қалаларында сапалы білім мен медицина, дамыған инфрақұрылым, инновациялар мен технологиялар бар, бұл өз кезегінде тез урбанизацияға ықпал етеді. Бұл процесс біздің елімізге де тән. Қазіргі уақытта халық ірі қалаларда өмір сүруге ұмтылуда – бұл "резеңке" деп аталатын пәтерлер проблемасына әкеледі. Тәжірибе көрсеткендей, тұрғын үй иелерінің көптеген азаматтарды нақты тұрғылықты жерінсіз тіркеу фактілері жиі кездеседі", – деді Серік Жұманғарин.

Бұл мәселені шешу үшін келесі заңнамалық өзгерістер ұсынылады:

елорда аумағында тұрақты және уақытша тұратын жері бойынша тіркеу нормативін бекіту үшін, яғни мәслихат бір азаматқа қанша шаршы метрді белгілейтін болады;

белгіленген нормативтерден тыс елорда аумағында тіркеуге тыйым салу белгіленеді.

Бұл ретте тұрғын үйдің меншік иесі жұбайын және жақын туыстарын тіркеген кезде тіркеу нормативтері қолданылмайды.

Сондай-ақ, ӘҚБтК-ге өзгерістер мен толықтырулар енгізу шеңберінде тұрғын үй иесінің нақты тұрмайтын жеке тұлғаларды тіркеуге жол беруі не тұрғын үйлерде тіркелген және тұрмайтын жеке тұлғаларды тіркеуден шығару жөнінде шаралар қолданбауы бойынша жауапкершілік күшейтілетін болады.

Сонымен қатар, заң жобасы қалалық инфрақұрылым объектілерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету, Астананың "жасыл белдеуін" сақтау және жол және көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі нормаларды, сондай-ақ тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу мәселелерін көздейді.

Мәжілістің бейіндік комитетінің қорытындысында заң жобасында жер кодексіне, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы", "Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы", "Жарнама туралы", "Халықтың көші-қоны туралы", "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы", "тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы" заңдарға өзгерістер енгізу ұсынылатыны айтылған.

Сурет: ашық дереккөздерден