Мемлекеттің ең басты қазынасы – адам екендігі Қонституцияда анық жазылған. Сонымен қатар, балалар – қоғамымыздың ең әлсіз және қорғансыз бөлігі болғандықтан, олардың құқығы қорғаулы тиіс. |
Бүгінде елімізде барлығы 6,6 миллион бала тұрады. Бұл 2023 жылдың көрсеткіші. Жыл сайын 400 мыңнан астам бала өмірге келеді.Отбасында баланың өміріне ең бірінші жауапты тұлға – әке мен ана, кез-келген ата-ана өмірге әкелген баланың өмірі мен денсаулығына, қауіпсіздігіне тікелей жауапты.
Өкінішке орай, соңғы жылдары отбасында, қоғамда әйелдер мен балалардың құқықтары толық қорғалмай келеді. Тіпті осы мәселеге қатысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр тапсырма берді, деп жазды Caravan.kz медиа порталы.
«Отбасы, мектеп, жол, ғимарат, киім-кешек, азық-түлік, яғни барлығы балалар үшін қауіпсіз болу керек. Біз жас ұрпақтың қауіпсіз әрі алаңсыз өмір сүруін қамтамасыз етуге тиіспіз. Мен Мемлекет басшысы ретінде кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап етемін», — деп тапсырған еді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қаңтар айының соңында мәжіліс депутаттары Қазақстандағы әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы заң жобасын қолға алды.
Жаңа заң жобасын қарастыру сұрағы қайдан туындады?
Елімізде жаға ұстататын оқиғалар жиілеп кетті. Балалардың өміріне қауіп төндіретін көбінесе өз жақындары екенін соңғы жантүршігерлік оқиғалардан көруге болады.
Ақпан айының басында Түркістанда безбүйрек ана туған екі баласын тұншықтырып өлтірді. 31 жастағы әйелдің бұл қылмысқа не үшін барғаны әлі белгісіз, дегенмен ол Шымкент қаласындағы қонақүйде ұсталды.
Сондай-ақ әлеуметтік желіде баланы аяусыз тепкілеген ер адамның видеосы тарады. Зорлық-зомбылық бейнеленген оқиға Түркістан облысының Қарабұлақ ауылында болған. Тіпті соққыға жығылған балалар оның туған балалары болмай шықты. Сынып жетекшісі мен көршілері балалардың аш жүргенін біле тұра, әрқашан соққыдан көгеріп жүретінін көре тұра тиісті органдарға хабарламаған.
Ал былтыр анасы көңілдесімен туған қызын өлтірген оқиға да Екібастұздан 55 шақырым жерде орналасқан Бесқауға ауылында болған.
Осыдан байқағанымыз, ауылды жерлерде балалардың құқығын қорғайтын ата-ана да, қоғам да жоқ сияқты. Тиісті органдардың жұмысы шикі, мұғалімдер де, полиция қызметкерлері де немқұрайлы қарап отыр.
Одан бөлек, ауылды елді мекендерде кейбір ата-аналар балалары алдындағы өз міндеттерін білмейді. Ерте тұрмыс құрып, тек бала асыраумен отырған ата-аналар үшін балалардың өмірі мен қауіпсіздігі маңызды емес. Таңертеңнен кешке дейін шаруадан қолы босамайтын отбасылар үшін құндылықтар мен мемлекет заңы бір тиынға қажет емес. «Ұрпақтан ұрпаққа, әкеден балаға» деген ұғым осындай өркениеттен жұрдай аудандарда жалғасын тауып келе жатыр. Себебі ауылдық жерде заң емес, өсиет қолға алынған. Зорлық-зомбылықты кішкентайынан көріп өскен баланың қанына сіңген тәрбиесі мен мінез-құлқы болашақта өзгеруі мүмкін бе деген сұраққа психолог маман жауап берді.
«Зорлық-зомбылықты көріп өскен бала «тиран» болады деген пікірмен келіспеймін. Ол бала санасына байланысты. Кейбір балалар керісінше үйден көрген зорлық-зомбылықты болашақ жарына балаларына мүлде қолданбайды, себебі өзі басынан кешірген сезімді балам мен әйелім көрмесін дейді. Ал ер адам кішкентайынан анасы тарапынан төмендету кекету келемеждеуді көрсе, міне сонда әйел адамға деген ашу қалып, өзінен әлсіз адамдарға зорлық-зомбылықты көрсетуі әбден мүмкін»,- деді психолог Анаргүл Ибраимбекова.
Ауылдардың көркеюі – ел дамуының көрінісі. Сондықтан, ең алдымен ауылдық аумақтарды қатаң бақылауға алу керек, тиісті органдардың жұмыстарын жіті қадағалап, жолға қою керек. Заң нормаларының орындалуын сөз жүзінде емес, іс жүзінде орындалуын қадағалау керек. Мұғалімдер мен аналардың бала алдындағы жауапкершілігін арттыру жұмыстарын күшейту керек.
Психологтың пікірі де осыны растайды. Маманның айтуынша, ауылда тұратын әйелдер де, ер азаматтар да көбіне заңға еш қызығушылық білдірмейді. Себебі ауылда өмір мүлде бөлек. Ауылда шаруа көп, бос уақыт аз. Сондықтан үй шаруасына көп көңіл бөледі. Екіншіден шалғайда тұратын ата — ана заңмен құқығының қорғалуына сенбейді.
«Неге десеңіз ауылда бірін-бірі бәрі таниды, сондықтан бір-біріне қарсы шықпауға тырысады. Ауылда ата-ана қаладағыдай өмірімізге қауіп төніп тұр деп алаңдамағандықтан, заң білуге асықпайды. Ата — ана ауылда мен қалай өстім, балам да солай өсер деп баласының алдында өзін міндетті санамайды. Себебі ауылда ешкім жеке отбасына қол сұқпайды. Әрқайсысында жеке үй, сырттан бөгде адамдар келмейді. Мектепте койылатын талаптарға да ата-ана бейжай қарайды. Осы себептерден бала алдындағы міндетті орындауды жөн санамайды.
Ана мен балалардың құқықтарын сақтап оны толық қорғау үшін бізге мәдениет жетіспей бара жатқан сияқты. Заң бәріне бірдей емес екендігін көріп жатырмыз. Ата-анаға койылатын талап пен міндет заң аясында қатаң талап етілуі керек»,- деп тұжырымдады психолог Анаргүл Ибраимбекова.
Отбасындағы зорлық-зомбылықтан жәбір көретін әйелдер саны көбейді. Былтыр қараша айында күйеуінің қолынан қаза тапқан Салтанат Нүкенованың өлімінен кейін, халық наразылық таныта бастады, азаматтарымыз заңды қатаңдатуды талап етіп, петиция да жариялаған еді.
Мемлекет басшысы резонанс тудырған оқиғаны ерекше бақылауға алуды тапсырды.
Ел болып тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресуге тырысып жатқанда, кейбір шенеуніктердің әйелдерге деген көзқарасы расымен де үрей тудырады. Осы пікірлердің қаншалықты дұрыс екенін халық қалаулысынан сұрап білдік.
Еркектен зардап шеккен әйелдерді де қамауға алуды ұсынған мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы сын астында қалған еді. Алайда, депутаттың бірқатар ойлары халыққа дұрыс жетпей қалған. Депутаттың жеткізбек болған басты идеясы — еліміздегі отбасылық институтты сақтап қалу болды. Жылына 140 мың отбасы құрылса, оның 50 мыңы ажырасып үлгереді. Бұл қорқынышты статистика. Осы мәселенің алдын алу үшін депутат бірқатар шешім ұсынған.
«Әйелді қорғау арқылы еркекті төмендету дұрыс емес. Отбасында жанжал шықса тек жалғыз еркекті кінәлауды қою керек. Салдарынан көптеген жастар қайта қосылмайды. Сондықтан әйел мен ер адамға теңдей жауапкершілік арту, екі жақты теңдей жазалау керек. Сонда ғана екі жақ отбасын сақтап қалуға, жанжалды болдырмауға мүдделі болады. Әрине, жазаны қатаңдату маңызды. Бірақ, жалғыз ер адамды жазалай беретін болсақ, отбасылық құндылықтан айырылып қаламыз»,- деді Жарқынбек Амантайұлы.
Депутаттың айтуынша, Қазақстан Еуропаның заңдарына еліктеуге тырысады. Алайда, қоғам соған дайын ба? Қоғамды өзгерту үшін, тек заңды күшейту дұрыс па?
«Алдымен идеология жүргізіліп, содан кейін заң қатайса қоғам дайын болады. Бізде отбасылық құндылықтарға байланысты тәуір пән, жүйелі идеология жоқ. Түсіндіру, үгіт-насихат жұмыстары балабақшадан басталуы керек. Бұл менің гендерлік саясатқа қарсылығым емес, зорлықты қолдайды деген сөз емес. Мен әйелдерге көрсетілетін зорлыққа қарсымын, дегенмен жауапкершілікке келгенде әділ болу керек», — дейді депутат.
Гендерлік саясат туралы сөз қозғалғанда қоғам екіге бөлінеді. Гендерлік теңдікті көпшілік «әйелдің билікке таласуы» деп қабылдайды. Дегенмен, гендерлік саясат әйелдерді билік басына әкелумен ғана шектелмейді. Оның басты мақсаты – әйелдердің құқығын қорғау.
Әлемнің 143 елінде ерлер мен әйелдердің теңдігіне заңпен кепілдік беріледі. Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше әлемде 193 тәуелсіз мемлекет болғанымен, 50 ел бұл заңды қолданбайды. Тіпті, әйелдердің құқығын шектейтін заңдарды қабылдаған елдер де бар.
Әйелдердің құқығы барынша қорғалған елдердің көш басында еуропалық елдер тұр: Швейцария, Дания, Швеция, Нидерланды және Норвегия. Посткеңестік кеңістіктен тәуір көрсеткіштерімен балтық жағалауы елдері, Беларусь және Қазақстан алдыңғы орында келеді.
Дегенмен, елімізде әйелдерге көрсетілетін зорлық-зомбылық тыйылмай тұр. Әкімшілік полиция комитетінің мәліметінше, жыл сайын елімізде тұрмыстағы зорлық-зомбылық салдарынан 300-ге жуық әйел зардап шегеді. Кемінде 80 әйел қайтыс болады.
Депутаттың айтуынша, министрлік тек есеп үшін заң қабылдап, іс-шара өткізуді доғаруы керек. Тек заңды қатаңдатудан қоғам өзгермейді, халықтың санасы өзгермейді. Тәрбие тал бесіктен басталады демекші, идеологиялық жұмыстар отбасынан басталып, орта мектеп және жоғарғы оқу орындарында жалғасын табуы керек.
Жаңа заң нормалары талқыланды, алайда әлі жетілдіретін тұстары бар екенін мәжіліс депутаттары айтып өтті. Тек заңның қатаңдауы мәселені шешпейтінін айтпаса да белгілі. Осы тұста құқық қорғау органдары шаш ал десе, бас алып жататындарына ішің ашиды.
«Қоғамтану, әлеуметтану ілімдерін ғылым деңгейінде дамыту керек. Дамыған өркениетті елдерде терең білімді әлеуметтанушылар жұмыс істейді. Осындай зорлық-зомбылық, жанжал болып жатқан отбасылардың себеп-салдарын анықтаумен, шешімін табумен айналысады. Ал біздің ел тек шу шығарып, бір-біріне күйе жағып, бұрмалаумен ғана күресіп келеді. Оның артқы жағында не жатқанымен ешкімнің жұмысы жоқ. Заңмен уақытша шектеу қойдық делік, осымен мәселе тыйылмайды, оның арты басқа проблемаға ұласады», — деді депутат.
Қазір тұрмыстағы зорлық-зомбылық пен буллинг құрбандары хабарласа алатын сенім телефоны іске қосылды. 111 бірыңғай мемлекеттік байланыс орталығына тәулік бойы хабарласуға болады. Қоңырау шалу тегін.
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиеваның айтуынша, 2023 жылдың қазан айынан бастап бүгінгі күнге дейін 111 байланыс орталығы 7 596 өтінішпен жұмыс істеген.
Енді мемлекет әйелдер мен балалардың құқықтарын қалай қорғайды? Әзірленіп жатқан жаңа заң нормаларына тоқталсақ.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен полицияның тиісті бөлімшелерінің штаттық саны артты, отбасындағы-тұрмыстағы зорлық-зомбылық істерін қарау үшін тергеуші-әйел мамандығы енгізілді.
Заңнамадағы соңғы түзетулерге сәйкес, енді мұндай қылмыстар тек жәбірленуші арызы боййынша ғана емес, сонымен бірге куәгерлердің, көршілердің мәліметі, бейнекамералардың жазбасы негізде анықталады. Бұдан бөлек, қазір бір рет ымыраға келген тараптардың кейін қайта татуласуына жол берілмейді.
Енді бала өлтіргендер мен педофилдер өмір бойы түрмеде отырады.
Суицидті насихаттағаны үшін 200 АЕК (738 400 теңге) мөлшерінде айыппұл түрінде жаңа қылмыстық жауапкершілік енгізіліп отыр.
Ал кәмелетке толмаған баланы қорқытып-үркіту және кибербуллинг үшін әкімшілік жауапкершілік енгізіледі (10 АЕК айыппұл салынады).
Денсаулығына жеңіл зиян келтіруге әкеп соқпаған ұрып-соғу немесе өзге де күш қолдану әрекеттерін жасау – 80 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға несе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына немесе 80 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не 25 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алуға жазаланады.
Адам денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіргені үшін 3 жылдан 8 жылға дейін, қасақана орташа зиян тигізген үшін 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылды.
Өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды анықтап, оларға жан-жақты қолдау көрсетілмек.
Қолға алынып жатқан жоғарыдағы шаралар отбасындағы зорлық-зомбылыққа нақты қарсы тұруға және онымен күресуде оң нәтиже беруі тиіс.