2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап қазақстандық салымшылар өздерінің зейнетақы жинақтарына арналған инвестициялық стратегияны өз бетінше таңдай алады, деп хабарлайды LS.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бағалы қағаздар нарығы мен зейнетақымен қамсыздандыру мәселелеріне қатысты түзетулер енгізуді көздейтін басқарма қаулысының қабылданғанын мәлімдеді.
Келесі жылдан бастап зейнетақы активтерін басқарушы компаниялардың қызметін бағалау жүйесі өзгереді.
Бұрын басқарушы компаниялардың қызметі орташа өлшенген көрсеткіштер бойынша бағаланса, енді олардың жұмысы композиттік индекстер (бенчмарктар) арқылы бағаланады. Бұл индекстер Қазақстан қор нарығы мен әлемдік қаржы нарықтарының көрсеткіштерін қамтиды. Агенттіктің мәліметінше, жаңа әдіс басқару тиімділігін жаһандық экономикалық үрдістерді ескере отырып, әділ әрі нақты бағалауға мүмкіндік береді. Айта кетейік, нарықтық бенчмаркке көшу туралы алғашқы хабарламалар 2024 жылы айтылған болатын.
Осыдан бастап басқарушы компаниялар салымшыларға тәуекел деңгейі, табыстылық және инвестициялау мерзімі бойынша әртүрлі стратегияларды ұсына алады. Белгіленген үш портфель түрі бар: консервативті, орташа (ұстамды) және тәуекелді (агрессивті). Осылайша, қазақстандықтар өздерінің жеке қалауы мен тәуекелге төзімділігін ескере отырып, инвестициялық стратегиясын таңдай алады.
Сонымен қатар, әртүрлі стратегиямен жұмыс істейтін бірнеше басқарушы компанияға сенім арту мүмкіндігі пайда болады.
"Реттеуші орган зейнетақы активтерін салуға болатын қаржы құралдарының ауқымын кеңейтіп, әр стратегияның ерекшелігіне сәйкес инвестициялық лимиттерді белгіледі. Мұндай өзгеріс басқарушы компанияларға портфельді әртараптандыруға және инвестициялық тәуекелдерді төмендетуге қосымша мүмкіндік береді", — делінген агенттік хабарламасында.
Құжатта басқарушы компаниялардың зейнетақы активтерін ерікті түрде Ұлттық банктің басқаруына қайтару тетігі де қарастырылған.
"Инвестициялық портфельді басқарушы компания зейнетақы активтерінен түскен номиналды табыстылық пен оның ең төменгі деңгейі арасындағы теріс айырманы толық өтейтін болуы қажет", — делінген қаулыда.
Қабылданған шаралар зейнетақы жинақтарының ұзақ мерзімді табыстылығын арттыруға, басқару жүйесінің ашықтығы мен икемділігін күшейтуге, сондай-ақ, жеке басқарушы компаниялар арасында бәсекелестік орта қалыптастыруға бағытталған.
Бұған дейін, LS редакциясы әртүрлі портфель түрлеріндегі қаржы құралдарының үлесі қалай бөлінетіні туралы хабарлаған болатын.