Ол турнирде жалпы саны 8 ұпай жинады.
Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева ФИДЕ үміткерлер турнирінде 14 раундқа қатысып, қорытындысында 2-орын алды. Оның қоржынында 8 ұпай болса, турнир жеңімпазы үндістандық Вайшали Рамешбабу 8,5 ұпайға ие болды.
13 раунд қорытындысында шахматшылардың ұпайы тең болғанымен, 14-раундта Бибісара Асаубаева ойынды тең аяқтап, ал Вайшали Рамешбабу жеңіске жеткендіктен, оның ұпай саны өсті.
"2026 жылғы әйелдер арасындағы үміткерлер турнирі аяқталды. Өкінішке қарай, ең соңында жолым болмады. Нәтижесінде екінші орын бұйырды. Алда қателіктермен жұмыс бар, содан кейін мен мықтырақ болып ораламын. Елімнің атынан ең ірі жарыстарға қатысқанымды мақтан тұтамын", – деп жазды Бибісара Асаубаева турнирден соң.
Айта кетейік, ерлер арасында ФИДЕ үміткерлер турнирінде өзбекстандық Жавохир Синдаров жеңіске жетті. Енді ол әлем чемпионы атағына таласу үшін Гукеш Доммараджумен матч өткізу құқығына ие болды.
Оқи отырыңыз:
Шахматшы Бибісара Асаубаева ФИДЕ үміткерлер турнирінде 4-орынға көтерілді
Бибісара Асаубаева 40 миллион теңге президент грантына ие болды