"Келіншегім балаларға да берсей деп айтатын": Айлығымды жинап Махмұдтың тамақтарын алатынмын деген тренер көпшілікті сүйсінтті

Боксшы Махмұд Сабырханның жеке бапкері Ілияс Оралбеков бір кездері спортшының жейтін арнайы асын өзінің жалақысына алғанын айтты.

Бұл туралы ол "Спорт министрі" You Tube каналына берген сұхбатта айтты, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

"Ол кезде Махмұд кішкентай болған, үйге әкеліп жатқызам. Ол кезде өзіміздің де жағдайымыз мәз емес. Бірақ, оның қазысын, курагасын айлығымнан әкеп қоямын. Солардан аз-аздан беріп отырамын. Бала-шағам бар, олар да жегісі келеді. Келіншегім балаларға да берсей деп айтады. Бірақ, бермеймін, себебі олар жесе 1-2 күнде таусылып кетеді. Айғырларды суытқан шабандоз ұқсап, дайындап, тамағын туралап, өсіріп отырған балам", — дейді, боксшының жеке бапкері.

Ілияс Оралбеков спортшыға не себепті қызбен жүруге тыйым салатынын да түсіндірді.

"Махмұд бір сұхбатта қызым бар деп айтып қалыпты. Мен оның қызы бар екенін сол сұхбатта естідім. Менің ойым, үйленетін болса жүре берсін. Бірақ, қыдырып жүру, клубқа бару, қызға кетіп қалу, ұйқысы дұрыс болмау деген сияқты дүниелер болмасын деп мен қызға тыйым салып қоямын. Сол үшін Махмұдқа бірінші спортта жетістікке жетіп ал, сосын қыз сен үшін жүгіретін болады деп айтамын. Бұл нәрселер 100% спортқа кері әсер береді", — дейді ол.

Желі қолданушылары бапкердің кәсібилігін тілге тиек етіп, жылы лебіздерін жазуда.

"Осындай мамандарды қолдау керек. Зал ашып беріп, қолдау керек", "Тренері керемет жан", "Мықты тренер екен. Ойы жинақы, жасандылық жоқ, жігерлердіре алады, мақсат қойып береді", "Жарайсың, тренер жұмыс істегені көрініп тұр", — деп жазды олар.